Бұл күн – еліміздің тарихындағы ең маңызды әрі қастерлі мерекелердің бірі. Республика күні – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуындағы шешуші белес, халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық пен тәуелсіздікке деген арманының жүзеге асқан сәтін бейнелейді.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» – еліміздің саяси тәуелсіздігін айқындаған тарихи құжат. Ол мемлекеттіліктің іргетасын қалап, Тәуелсіздік Декларациясына және 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңға жол ашты. Бұл күн – мемлекеттігіміздің бастауы, жаңа дәуірдің беташары.
Республика күні – халықтың өз тағдыры мен болашағын өзі айқындауға деген ерік-жігерінің көрінісі. Бұл – егемендік, әділет, теңдік және бірлік идеясын дәріптейтін мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы – тарихи әділеттіліктің салтанат құруы. Бұл шешім елдік сананы жаңғыртып, тәуелсіз Қазақстанның тарихи тамырын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан – бәріміз үшін!» тұжырымдамасы қоғамда сенім мен ашықтық қағидатын нығайтты. Бұл идея – елдің жаңғыру жолындағы басты бағдарға айналып, әділдік, еңбекқорлық және жауапкершілік құндылықтарын ұлт болмысына орнықтырып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты – билік пен қоғам арасындағы шынайы диалогтың негізіне айналды. Мемлекеттік басқару жүйесі барынша ашық және халыққа жақын бола түсті. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы елдің саяси жүйесін жаңартуға, азаматтық қоғамды дамытуға және жауапкершілік мәдениетін күшейтуге жол ашты.
Шымкент қаласы бүгінде ел дамуының айқын көрінісіне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдары инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар серпінді жүзеге асуда. Қалада заманауи медициналық орталықтар мен мектептер салынуда, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Бұл өзгерістер халықтың өмір сапасын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда нақты нәтижелер беруде.
Сонымен қатар қалада экологиялық мәдениетті дамыту, жастар саясатын жандандыру, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Шымкент бүгінде жаңару мен дамудың, еңбек пен рухтың қаласына айналды.
Республика күні – халқымыздың жүрегінде ерекше орын алатын мереке. Бұл күн – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік және болашаққа сеніммен қарау күні. Ол – елдік рухты күшейтіп, азаматтарды бірлік пен татулыққа шақыратын ұлттық символ.
Бүгінгі Қазақстан – табысты реформалар мен тұрақты даму жолындағы мемлекет. Бұл жетістіктің негізінде ел бірлігі, бейбітшілік пен өзара сенім жатыр. Тәуелсіздіктің тұғыры – халықтың ынтымағы мен елге деген сүйіспеншілігі.
Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататын ұлық мереке. Ол ел ертеңіне деген сенімді арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Бақытжан ПОЗИЛОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты

