Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов қазақ археологиясы мен тарихының дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым, жарты ғасырлық ғұмырын жастарға білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Білгір ғалым мектеп қабырғасында жүргенде-ақ тарихшы, археолог болуды армандаған екен. Алайда, арманына бірден қол жеткізе алмай, мектеп бітірген соң, сол кездегі жағдайға байланысты ауылында бірнеше жыл еңбек еткен. Одан соң екі жыл әскери борышын өтеп келіп, 1970 жылы республика бойынша археолог мамандар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) тарих факультетіне оқуға түседі.
Университет қабырғасында республикадағы алғашқы кәсіби археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Оразбаев, академик Ә.Марғұлан, тас дәуірін зерттеуші ғалым Х.Алпысбаев, «Алтын адамды» зерттеуші К.Ақышев, профессорлар У.Шәлекенов пен Х.Арғынбаев, антрополог, академик О.Исмағұлов, Мәскеу, Ленинград қалаларының жоғары оқу орындарынан арнайы шақыртылған профессор ғалымдар М.Грязнов, С.Черников, Ю.Заднепровский және тағы басқа ғалымдардан дәріс алды. Ол кезде болашақ археологтар аудиторияда сарылып отыра бермейтін. Жаз айларында ғылыми экспедициялар құрамында қазба жұмыстарымен айналысатын. Бұл оларды нағыз археолог болуға, болашақ мамандығының қиыншылықтарына төзе білуге үйрететін. Кеңес Одағына ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал археолог, этнограф, антрополог ғалымдардың дәрісін тыңдап, жазғы археологиялық экспедицияларға қатысып, тәжірибе жинау Мадияр ағамның археология ғылымына деген қызығушылығын одан сайын күшейте түседі. Осы қызығушылығының арқасында студенттердің республикалық және одақтық конференцияларынан жүлделі орындар алып, көзге түсіп жүрді. Түркістан мен ортағасырлық Ақтөбе қалаларына жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысты.
Мадияр Елеуов 1975 жылы университетті үздік бітіріп, жолдамамен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер, бір жылдан соң, ұстазы, профессор У.Шәлекеновтің шақыруымен өзі оқыған кафедраға лаборант болып жұмысқа орналасады. 1976-1996 жылдары кафедрада лаборант, аға инженер, ассистент, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып, өзін үлгілі ұстаз, білікті археолог маман ретінде таныта білді. Тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде республика көлемінде ғана емес, шетелдерге де танымал археолог, ғалымға айналды.
Ол дәріс беріп қана қойған жоқ, жаз айларында студенттерін университеттің археологиялық экспедициясына қатыстырып, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы көптеген ортағасырлық қалалар мен елді мекендерде қазба жұмыстарын жүргізді. Археологиялық қазба жұмысын жүргізудің әдістерін меңгеріп, тәжірибе жинаған көптеген шәкірттері бүгінде жоғары оқу орындарында білім беріп, ғылыми-зерттеу орталықтарында еңбек етуде.
М.Елеуов 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан Археология және этнография институтын (кейін орталық) ашуға белсене атсалысты. Институттың ғылыми жұмыстар бойынша басшысы қызметін атқарып, археологиялық, этнографиялық экспедицияларды басқарды. Отандық танымал археолог, этногроф, антрополог ғалымдар К.Байпақов, Ж.Таймағамбетов, Р.Бурнашева, Д.Винник, А.Қалыш, О.Исмағұловпен қатарласа жұмыс істеді. Қаратаудың солтүстігі мен оңтүстігіндегі ескерткіштерге барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Мадияр Елеуов Түркістан қаласына келген алғашқы жылдары біраз уақыт шәкірті Зиядин Исабековтің үйінде тұрып, екеуі уақытпен санаспай жұмыс істеді. Нәтижесінде бұрын белгісіз болып келген жүздеген жаңа ескерткіштерді анықтады. Төрткүлтөбе, Қарашық, Сауран, Сығанақ қалаларына қазба жұмыстарын жүргізіп, Оңтүстік Қазақстанның қала мәдениеті туралы ғылыми жаңа материалдар тапты.
Ата-бабамыздың кейінгі ұрпағына қалдырған мәдени мұраларының бірі де бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи тарихи мемориалдық кешені. Ал, қазақтың маңдайына біткен мұражай шаһарымыз – Түркістан. 2000 жылы осы киелі қаламыздың 1500 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойладық. Бірақ, көне қаланың тамыры тым тереңде еді. Сондықтан қаланың мерейтойын тойлар алдында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің археология және этнология институты Түркістан қаласының жасын анықтау үшін қыруар жұмыстар атқарды. Күлтөбеге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде б.з.д. І-ІІ ғасырларға жататын сүйектен жасалған жебе, ыдыстар, қару-жарақтар табылды. Мадияр Елеуов сол айғақтарды алып, Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының директоры, академик М.Қ.Қозыбаевтың қабылдауына кіріп, Түркістан қаласының жасы 2000 жылдан асатынын дәлелдеп шықты. Сондай-ақ, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының ғалымдары жиналған бірлескен кеңесте де Күлтөбеден табылған заттарды алға тартты. Нәтижесінде сол кеңесте Түркістан қаласының жасы 2000 жыл деген шешім қабылданып, мемлекет басшылығына ұсыныс жасалды. Алайда, қаланың мерейтойын тойлау туралы ЮНЕСКО-ға мәлімет беріліп қойылғандықтан, 1500 жыл деген цифр өзгеріссіз қалды. Сөйтіп, 2000 жылы Түркістанның жасы 1500 деп белгіленген күйі әлемдік масштабта тойланып кетті.
Мадияр Елеуов Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «археология, этнология және музей ісі» кафедрасының меңгерушісі, «Археология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарды. Сол жылдары ол кісінің басшылығымен Қаратау мен Сырдарияның орта ағысына археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, ғылымға белгісіз болып келген 2000-нан астам ескерткіштер табылды. Қаратау мен Сырдың орта ағысында орналасқан ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің санын анықтап, олардың тарихи-топографиялық құрылымдарын қайта зерттеп, бірқатарына толықтырулар жасады.
Мадияр Елеуов Қазақстанның ортағасырлық қалаларының тарихы мен керуен жолдарына арналған 500-ден астам ғылыми мақаланың, он шақты монографиялық еңбектің, студент, магистранттарға арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы. Ғалымның «Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары» (VI-XIII ғ.басы)», «Ескерусіз қалған ескерткіштер», «Қаратаудың орта ғасырлық керуен жолдары», «Қарақұр ескерткіштері» атты монографиялық еңбектерінде Қазақстанның ортағасырлық қалаларына жүргізілген археологиялық зерттеудің нәтижелері, әртүрлі тарихи кезеңдерде қалыптасқан қалалар мен елді мекендердің пайда болу, қалыптасу, даму жолдары, өзіндік ерекшеліктері, қорғаныс жүйесі жайлы жан-жақты мәліметтер берілген. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра – ескерткіштерді сақтау, қорғау және оларды насихаттау мәселелерін көтерген профессордың «Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалаларының зерттелу тарихы», «Ортағасырлық Ақтөбе қаласының зерттелу тарихы» және тағы басқа да оқу құралдарын жоғары оқу орындарының студенттері кәдеге асырып жүр.
Қазақ Ұлттық университетінің ұстазы, көрнекті археолог ғалым «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Үздік ғылыми қызметкер», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2009» төсбелгісімен марапатталған.

