Бүгінгі таңда биологиялық қауіп-қатердің алдын алу жаһандық деңгейде стратегиялық мәнге ие болып отыр. Ал бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету тікелей жаратылыстану ғылымдарын, соның ішінде ботаниканы дамытуға тығыз байланысты. Қазақстанның рухани астанасы – көне Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен оның жанындағы арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары бұл бағытта өлшеусіз еңбек атқарып келеді. Атап айтқанда, университет жанындағы институттың директоры, профессор Нұғман Аралбай бастаған отандық зерттеушілер ғылыми-зерттеу жұмыстарында экологиялық жүйелілік қағидасын басшылыққа алып, жұмысты әуелі биоалуантүрлілікті кадастрлық бағалаудан бастау қажеттігін жүйелі түрде алға тартып жүр.
Ботаника ғылымының бүгінгі ахуалы мен олқылықтар
Маманның пікірінше, ботаника – күллі биология ғылымдарының бастауы. Ауыл шаруашылығы, медицина, экология, география және биотехнология салалары түгелдей ботаникалық білімге сүйенеді. Алайда бүгінде бұл саланың ауқымы тарылып, ғылыми мектептердің тоқырауға ұшырауы өзекті мәселеге айналып отыр. Университеттердің табиғатты, өсімдік пен жәндіктерді жіті танымайтын мамандарды даярлауы, биология кафедраларының қысқарып кетуі саланың әлеуетін төмендеткен.
Сонымен қатар, салалық министрліктер арасындағы жүйесіздіктер де ботаника ғылымына кері әсерін тигізуде. Қазақстан ботаника ғылымының басты орталығы – Ботаника және фитоинтрадукция институтының Экология министрлігінің қарамағына беріліп кетіні, оның құрамындағы ботаникалық бақтардың сервистік сипатқа ие болуы іргелі ғылыми зерттеулердің әлсіреуіне соқтырды. Ел көлемінде қолға алынып жатқан көгалдандыру және орман өсіру жұмыстары да көбіне науқандық сипат алып, ғылыми негізделген «Құрғақшылыққа төзімді дендрология» сияқты арнайы бағдарламалардың жоқтығынан күтілген нәтиже бермей отыр.
Түркістандық зерттеушілердің үлесі: Этноботаника және ұлттық егемендік
Табиғи ресурстар саласындағы егемендік – мемлекеттік егемендіктің ажырамас бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде, әсіресе Түркістан өңірінде этноботаниканы дамытудың маңызы зор. Елімізде бұл бағыттың тамыры тереңде жатыр. Мәселен, XV ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінде 2 мыңға жуық рецепт пен 900-ге жуық дәрілік шөптердің тізімі көрсетілген. Академик Н.В.Павловтың басшылығымен жарық көрген көптомдық «Қазақстан флорасы» еңбегі осы саланың іргетасы болды.
Бүгінгі таңда Түркістандағы білім ордасының зерттеушілері мен отандық ғалымдар мемлекеттік тілде ұлттық ботаникалық лингвистиканы қалыптастырып, 200-ден аса монография, оқулық пен сөздіктер жариялады. Бұл қазақ тіліндегі ғылыми танымның көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ұлттық бірегейлікті айғақтайтын маңызды қадам болып отыр.
Ғылыми ерлік: «Қазақстан флорасы» және атауларды жаңғырту
ХҚТУ ғалымдары мен зерттеушілерінен құралған шағын ұжым орасан зор еңбек атқарып, «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» қостомдығын және «Асыл ағаш, асыл шөп: Қазақстан флорасының жетекші тұқымдастары» атты 16 томдық сериялық кітаптың 15 томын жарыққа шығарды. Бұл бастама жылдар бойы түрлі кедергілер мен қаржылық тапшылыққа қарамастан, мамандардың табандылығы арқасында жүзеге асты.
Ерекше атап өтетін жайт, бұл еңбектерде отаршылдық дәуірден қалған атаулар қайта қаралып, ғылыми әділдік қалпына келтірілуде. Мысалы, дүние жүзі Қазақстанды алманың отаны деп мойындағанымен, ғылымда «Сиверс алмасы» аталып келген жеміс түрі қазір «Жұмақжеміс алма» деп алмастырылды. Сонымен қатар, табиғаттағы кейбір эндемиктер мен түрлерге орыс патшалығы шенеуніктерінің емес, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Талғат Бигелдинов сынды ұлт тұлғаларының есімдері берілді. Бұл бастама академиялық ортада жоғары бағаланып, кәсіби энциклопедиялық деңгейдегі еңбек ретінде мойындалып жатыр.
Ғылымдағы түйткілдер мен болашаққа бағдар
Ғылым саласындағы қаржыландыру тетіктері мен қойылатын талаптардың (мысалы, шетелдік журналдарда міндетті түрде мақала шығару, Хирша индексі) ана тілінде зерттеу жүргізетін ғалымдардың аяғын тұсап отырғаны жасырын емес. «Ғылым – тауар» деген қағиданың орнығуы оның рухани мәнін әлсіретіп, мамандардың әлеуметтік статусына әсер етті. Сонымен қатар, табиғи ресурстарды (мысалы, қызылмия тамырын) беталды қазып, шетелге жөнелтудің экологиялық зардаптары да назардан тыс қалуда.
Дегенмен, Түркістан сияқты киелі өңірде бастау алған осындай ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары мен мемлекет тарапынан ғылымға қолдау көрсету бағытындағы оң өзгерістер үміт ұялатады. Басты мақсат – қазақ тілінің ғылым мен технология тіліне толыққанды айналуын қамтамасыз ету.

